Алматыда Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері 10 жылға сотталуы мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -  Алматыда қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің бұрынғы аға офицері Бауыржан Оралғазин мен Жамбыл облыстық  МКД ішкі қауіпсіздік басқармасының бұрынғы аға тергеушісі Ғазиз Жүзбаевтың ісі бойынша жарыссөз өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Прокурор оларды  3-тен 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айыруды сұрады.

«Бауыржан Оралғазинді 10 жылға бас бостандығынан айыруды және мүлкін тәркілеуді, сонымен қатар өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетуді сұраймын", - деді  жарыссөз барысында прокурор Оксана Рубан.

Ал Ғазиз Жүзбаевқа мемлекеттік айыптаушы 3 жыл 11 ай 8 күн көлемінде бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сонымен қатар, сот отырысында прокурор экс-офицер Бауыржан Оралғазинге тағылған 9 баптың 4-еуін алып тастауды сұрады. Оралғазин кінәсіз тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тартып, аса ірі көлемде пара беруге мәжбүрлеп, алаяқтық жасады деп айыпталып отыр.

Жүзбаевтың ісі бойынша 4 баптың 2-еуі алынып тасталды. Экс-тергеушінің әрекетін мемлекеттік айыптаушы қылмыстық сот өндірісі кезінде айғақтарды бұрмалау, алаяқтық жасау деп бағалады.

Жарыссөз барысында қорғаушылар сотталушыларды ақтауды сұрады.

Іс материалдарына сәйкес, Оралғазин жеке кәсіпкер - Қырғызстан азаматына қатысты бірқатар қылмыс жасаған. Атап айтқанда, оны лауазымды тұлғаларға пара берді деп, халықаралық іздеуге жариялаған. Мәжбүрлеп түсініктеме бергізіп, лауазымды тұлғаға 120 000 АҚШ доллары көлемінде пара беруге итермелеген. Бұл соманы Оралғазин өз мақсатында пайдаланғаны анықталған.

Жүзбаев болса Оралғазинмен біріге отырып бірқатар қылмыс жасап, жәбірленушіні 20 000 АҚШ доллары көлемінде пара беруге мәжбүрлегені анықталды.

Соңғы жаңалықтар