Алматыда мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа жұмыс орындары ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Өңірлік үйлестіруші Кеңестің отырысында жаңа 18 жоба мақұлданды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Олардың ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 7,6 млрд. теңге болатын 10 жаңа жобаны жүзеге асыру арқылы 200-ден астам жұмыс орны, 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 2,9 млрд. теңге болатын 6 жобаны жүзеге асыру арқылы 410 жұмыс орны ашылады.   Бұл 6 жоба Алматының кәсіпкерлігіне қолдау көрсету картасына енгізілді. Бұдан басқа, Алматы қаласының атынан республикалық индустриаландыру картасына жалпы сомасы 13,2 млрд. теңге болатын 2 жобаны енгізу ұсынылды. Бұл екі жобаны жүзеге асыру арқылы 650-ден астам жұмыс орны ашылатын болады.    

Осылайша, Алматы кәсіпкерлігіне қолдау көрсету картасының екінші бесжылдығына жалпы сомасы 170,1 млрд. теңге болатын 67 жоба енгізілді. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы 10 700-ден астам жұмыс орны ашылады. 

Бірінші бесжылдыққа қарағанда жобалардың саны - 3 есеге, ал ашылған жұмыс орындарының саны - 3,5 есеге артқан. Жобалардың 60 пайыздан астамы меншікті қаражат, ал қалғандары шетелдік инвестиция арқылы жүзеге асырылады.

2016 жылдың басынан бері «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына 113 жоба енгізілді. Осы жобалардың арқасында кәсіпорындарда 1000-нан аса жұмыс орны ашылады. Ал қолдау көрсетілген жобалар, төленген көмекқаржылар және несие қоржыны бойынша Алматы - Қазақстан қалалары арасында көш басында келеді. Мақұлданған жобалар жеңіл, тамақ, құрылыс және химия өнеркәсібінде жүзеге асырылады.

Таяуда Алматыда «Tokyo Rope Almaty» ЖШС болат бұйымдар шығаратын зауыты іске қосылды. Бұл компанияның бірегейлігі сол, кәсіпорынның өнімдері сейсмикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Бұл Алматы қаласы үшін ерекше маңызға ие екендігі белгілі. «Tokyo Rope Almaty» компаниясы габиондық жүйе үшін аса берік темір торлар, жоғарытехнологиялық болат арқандар, көпірлерге арналған ванталар және күн энергетикасына арналған сымдар шығарады. 

Сондай-ақ, Алматыда «Хикма СНГ» АҚ  фармацевтикалық препараттарды өндіруге арналған жаңа зауытының  құрылысы басталады. Болашақта компания жүрек-қан тамырлары  дәрілерін, орталық жүйке жүйесін емдеуге арналған препараттарды және антибиотиктерді өндіруді жоспарлауда.

Басты кәсіпорын - Hikma Pharmaceuticals Co. Ltd. Ол 1978 жылы Иорданияның Амман қаласында құрылған. 

Соңғы жаңалықтар