Алматыда мемлекет қажеттілігі үшін жер телімі 30 есе қымбат бағаға сатылып алынған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мемлекет қажеттілігі үшін жер телімі 30 есе қымбат бағаға сатылып алынған. Аталған заңбұзушылықты Медеу аудандық прокуратурасы анықтады.

Жеке тұлғаның меншік құқығында 2007 жылы 500 000 теңгеге сатып алынған жер телімі болған, аталған жер телімінде тіркелмеген жеке үй және шаруашылық құрылыстары салынған.

Алматы қаласы әкімдігінің 2013 жылғы қаулысының негізінде Төле би көшесін ұзарту мақсатында аталған жер телімі мемлекет қажеттілігі үшін сатылып алынды.

Сатып алу барысында бағалаушының қателігінен жер телімі және жеке тұрғын үй нарықтық бағасы бойынша, яғни 32 066 886 теңге көлемінде бағаланған. Оған қоса жауапты тұлғалар тарапынан 2007 жылғы мәміле бағалау барысында есепке алынбаған.

Бұл әрекет мемлекеттік мүлік туралы заңнама талаптарына қайшы келеді.

Аталған қателік анықталған соң бағалаушы заң талаптарына сай жаңа бағалау туралы есеп дайындап, жылжымайтын мүлікті 1 634 665 теңгеге бағалаған.

Алайда, оған қарамастан Алматы әкімдігі мен жер телімінің иесінің арасында жасалған келісім-шарт негізінде және сот шешімі негізінде жер телімінің иесіне мемлекеттен 32 066 886 теңге көлемінде өтемақы төленген.

Одан кейін аудан прокуратурасы сотқа жеке тұлғаға заңсыз төленген өтемақы сомасының бөлігін өндіру туралы талап-арыз берілді.

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасының қаулысымен аудан прокурорының талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылды.

Жер телімінің бұрынғы иесінен мемлекет пайдасына 30 432 221 теңге көлемінде ақша өндірілді.

Қазіргі таңда сот шешімі орындалу барысында.

Соңғы жаңалықтар