Алматыда мембағдарлама аясында көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуге болады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасы «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу шарттарын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ортақ мүлікті күтіп ұстау пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелеріне жүктеледі. Лифт жабдықтарын ауыстыру жинақ шотындағы қаражат есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. Егер шотта жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат жеткіліксіз болса, үй иелері «Нұрлы жер» көппәтерлі тұрғын үйді жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасына қатыса алады. Бағдарлама бойынша қаражат жергілікті бюджеттен 8 жылдан 15 жылға дейін өтеу мерзімімен пайызсыз бөліп төлеу арқылы беріледі.

Алайда, бағдарламаға қатысу үшін жиында қабылданған пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің жалпы санының үштен екісінен астамының келісімі қажет. Оң шешім қабылдаған соң, қызметті басқару органы барлық растаушы материалдармен қоса, Гоголь көшесі, 45 мекенжайы бойынша орналасқан «Алматы Тұрғын үй» ЖШС операторына хат жіберуі керек. Сондай-ақ +7 (727) 390-22-09, +7 (702) 000-64-45 телефондары арқылы кеңес алуға болады», - делінеді басқарманың хабарламасында.

Сондай-ақ ведомство мәліметінше, Алматыда жыл басынан бері 62 үйде 112 лифт ауыстырылды. Жыл соңына дейін барлығы 350 жеделсатыны ауыстыру жоспарлануда.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» - 2020-2025 жылдар аралығына есептелген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағдарламасы.


Соңғы жаңалықтар