Алматыда мектеп құрылысына отандық өнім қолданылады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда мектеп құрылысына жергілікті өндірушілер тартылады. Бұл – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде қолға алынған шара, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың сөзінше, мектептерді жиһазбен, құрылғылармен қазақстандық өндірушілер жабдықтайды. Қазір жобалық құжаттама әзірленіп жатыр, құрылыс күзде басталады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 37,1 мың оқушылық орынды 22 мектептің құрылысы жоспарлануда. Мектептер салу бойынша белгіленген тәсілге сәйкес, олар негізінен отандық өндірістің тауарларымен жарақтандырылады. Әкімдік өз тарапынан осы жобаны іске асыруда жергілікті өндірушілерге барынша қолдау көрсетуге дайын», - деді қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.

Бүгінгі күні Алматыдағы сегіз мектеп бойынша құрылыс салушылармен келісімшарт жасалды. Жаңа мектептер заманауи стандарттарды, қажетті инфрақұрылымды ескере отырып салынады.

Айта кетерлігі, соңғы онжылдықта Алматы қаласы бойынша оқушылар саны жыл сайын халықтың табиғи өсуі мен ішкі көші-қон есебінен орта есеппен 12-14 мың балаға артуда.


Соңғы жаңалықтар