Алматыда мектеп бітіру кеші қалай өтеді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 11-сынып түлектеріне жалпы орта білім беру туралы аттестат өз мектептерінің қабырғасында 20-22 маусым күндері салтанатты түрде табыс етіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтпаева мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық ретінде ақша жинауға тыйым салынғанын еске салды.

«Білім басқармасы педагогикалық әдепті сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сынып сағаттары мен жүргізушілерді, дипломдар мен сертификаттарды салтанатты түрде тапсыру кезінде іс-шараларды өткізуге ата-аналардан қаражат жинауға, аниматорларды, мерекелік агенттіктерді тартуға жол берілмейтінін атап өтеді. Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық ретінде қаражат жинауға тыйым салынады», - деді білім басқармасы басшысының орынбасары.

Биыл оқу жылын 28 мыңнан астам 9-сынып және 14 мыңнан астам 11-сынып оқушылары бітіруде.

9-сынып оқушылары үшін бітіру емтихандары 2-13 маусым аралығында, ал 11-сынып бітірушілер үшін мемлекеттік бітіру емтихандары 5-19 маусым аралығында өтеді.

Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 18 мамырдан 5 шілдеге дейін әл - Фараби атындағы ҚазҰУ базасында өтеді.


Соңғы жаңалықтар