Алматыда медқызметкерлерге үстемеақы төлеу үшін 1 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу үшін 1 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының Алматыдағы бөлімшесінің басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бөлімше директорының айтуынша, қазір үстемеақы алатын мамандардың тізімі жазылып жатыр.

«Бүгінде біздің медицина қызметкерлеріне оңай емес. Олар өз денсаулықтарын қатерге тігіп, қызмет көрсетіп жатыр. Президенттің тапсырмасымен мемлекеттік бюджеттен материалды көмек ретінде 212 мың теңгеден 850 мың теңге арасында қаражат қарастырылып жатыр. Қор қаржылық оператор ретінде бұл ақшаны медициналық ұйымдарға аударатын болады», - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес 2020 жылдың наурызында Алматыда 15 денсаулық сақтау ұйымы тіркелген.

Үстемеақы осы ұйымдарда істейтін 3557 адамға (502 дәрігер, 1742 орта медперсонал, 549 кіші медперсонал, 764 басқа да қызметкерге) төленеді.

Бүгінде 13 ұйымның қызметкеріне қаражат жіберілді. Олардың арасында И.Жекенова атындағы инфекциялық аурухана, Балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, Жедел жәрдем медициналық қызметі бар.

Төлемдер 3 күрделілік санаты бойынша жүргізіледі. Бірінші топқа COVID-19 коронавирусы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері мен басқа да стационарларды қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері жатқызылған.

Бұл қызметкерлерге төленетін үстемеақы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда биылғы қаржы жылына белгіленген айлық жалақының жиырма еселенген ең төменгі мөлшерінен аспайды.

Екінші топқа провизорлық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмектің дәрігерлері мен фельдшерлері, оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар, сондай-ақ тартылған жағдайда санитарлық авиацияның дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлері жатқызылған.

Бұл топтағы қызметкерлерге төленетін үстемеақы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда биылғы қаржы жылына белгіленген айлық жалақының он еселенген ең төменгі мөлшерінен аспайды.

Үшінші топқа карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, медициналық жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілері, сондай-ақ зертханалардың мамандары, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тікелей қатысатын санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлері, жіті респираторлық вирустық инфекциялары, пневмониясы бар пациенттерді қабылдауға және эпидемияға қарсы іс-шараларға байланысты биологиялық материалды алуға айқындалған шұғыл стационарлардың қабылдау бөлімшелерінің және медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының қызметкерлері, Төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің аумақтық штабтарының мүшелері, сондай-ақ блокбекеттерде карантиндік режимді қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлері жатады.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді қаржылай қолдаудың жаңа пакеті туралы айтқан еді.

Кеше алғашқы төлемдер аударыла бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Алматыдағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасының қабылдау бөлімінің дәрігерлері үстемеақыға қатысты шағым түсірген болатын.

ҚР ДСМ басшысы Елжан Біртанов дәрігерлерге үстемеақыны қайта есептеп төлеуді бұйырған еді.



Соңғы жаңалықтар