Алматыда медқызметкерлердің 83 пайызы коронавирус вакцинасын салдырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда учаскелік полицейлердің 94% -ы, медицина қызметкерлерінің 83%-ы және педагогтардың 99% пайызы коронавирус вакцинасын салдырды. Бұл туралы Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының Алматы қалалық филиалының директоры Гүлнар Ысқақова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинация жалғасуда. Қала бойынша барлығы 247 104 адам екпе алды. Бүгінгі таңда мегаполисте 214 пункт жұмыс істейді, онда 1 282 адамнан тұратын 315 егу бригадасы бар.

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының Алматы қалалық филиалының директоры Гүлнар Ысқақованың айтуынша, жұмыстың ерекшелігін ескере отырып, халықпен өзара іс-қимыл жасап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған адамдардың денсаулығы мен өмірін қорғау мақсатында вакциналарды өз еркімен алатын мақсатты топтар екпемен барынша қамтылған.

Алматы қаласы бойынша басымдық берілген топтарды вакцинациялау көрсеткіштері:

- медицина қызметкерлерінің - 83,3% вакцина алды;

- педагогтардың - 99,7%;

- учаскелік полицейлер - 94,4%;

- медициналық - әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінің қызметкерлері мен контингенті - 65%;

-ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ІІМ қызметкерлері - 78%.

Сонымен қатар, ол алматылықтар коронавирусқа қарсы егу науқанына, әсіресе аға буын өкілдері жауапкершілікпен қарайтынын атап өтті. Қазірдің өзінде вакцинаны 65 жастан асқан 31 мыңнан астам азамат алды, олардың арасында 90 жастағы қарттар да бар.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, аға буын өкілдері вакцинадан жеңіл өтеді, жанама әсерлер байқалмады.

Вакцинациядан өткен кәсіпорындардың жалпы санының 50%-ы оффлайн режиміне орала алады.

«Тұрғылықты орны мен Алматы қаласында тіркеуінің бар-жоғына қарамастан, кез келген тілек білдірген адам коронавирустан екпе ала алады. Алматыда тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтарын, еңбек мигранттарын, босқындарды және шетелдік студенттерді тегін вакцинациялай аламыз, бүгінде қалада олардың саны 7 мыңға жуық», - деді Гүлнар Ысқақова.

Адамның қалауы бойынша, вакцинаның екінші компонентін 21 күннен кейін бұрынғы кесте бойынша алуға болады. Ол үшін егу пунктіне хабарласып, еркін нысанда өтініш жазу қажет. Әзірге ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес екінші екпе 45 күннен кейін алынады.

«Бүгінгі таңда вакцинацияға қарсы көрсетілімдері бар аурулардың тізімі аз. Бастысы, әр азаматтың өз қалауының болуы, ал вакцинацияны Алматы қаласының кез келген жерінде алуға болады. Күн сайын 214 егу пункті демалыссыз және үзіліссіз жұмыс істейді, қажет болған жағдайда резервте тағы 250 егу пункті бар», - деп толықтырды маман.


Соңғы жаңалықтар