Алматыда медицина саласындағы үздіктер анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Медицина қызметкерлері күніне арнайы ұйымдастырылған кеште үздік дәрігерлер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға қала әкімі Б.Байбек, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың, республикалық медициналық мекемелердің басшылары, жекеменшік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Ақ халатты абзал жандарда ешқашан демалыс пен мейрам болмайды.

Олардың ерлігін бағалау керек. «Алматы-2020» бағдарламасының негізі адамға қамқорлық көрсету екені белгілі. 5 жылда қала бюджеті 60 млрд теңгеге өсті. Көптеген көрсеткіштер жақсарып келеді. Атап айтқанда, өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті», - деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, былтыр 12 млрд теңгеге 9 медициналық мекеме салынды. Олардың алтауы биыл пайдалануға беріледі.

«Бүгінде Бостандық ауданында заманауи зертхана ашылды. Жаңа құрал-жабдықтар алматылық дәрігерлерге диагнозды дұрыс қоюға көмектеседі», - деді Б.Байбек.

Жиын барысында ҚРДенсаулық сақтау вице министрі Ләззат Ақтаева алматылық дәрігерлердің жұмысына баға берді.

«Жүкті әйелдердің 12% Алматыда босанады. Ауруханаға жатқызу көрсеткіші бойынша 11% Алматыға келеді. Мұнда 13 мың дәрігер, 18 орта медициналық қызметкер жұмыс жасайды», - деді Ләззәт Ақтаева.

2018 жылдың үздік медицина қызметкерлері арасында өткізілген 10 аталым бойынша қалалық конкурстың жеңімпаздары анықталды.

«Үздік дәрігер» аталымы бойынша Қалалық кардиологиялық орталықтың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрсан Сурашев жеңімпаз атанды. Ол республикалық конкурста да жеңіске қол жеткізіп, еліміздің «Үздік дәрігері» деп танылды.

«Үздік мейірбике» аталымында №5 қалалық клиникалық аурухананың медбикесі Назира Мырзабаева жеңімпаз атанып, республикалық конкурста да жеңіске қол жеткізіп, еліміздің «Үздік медбикесі» атанды.

«Үздік провизор» аталымы бойынша №7 қалалық клиникалық аурухананың дәріхана меңгерушісі Татьяна агальникова жеңімпаз атанды.

«Үздік менеджер-денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы» аталымы бойынша №1 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Анастасья Попова жеңімпаз атанды.

«Үздік санитариялық-эпидемиологиялық бейін дәрігері» Алматы қаласы бойынша Қоғамдық денсаулық қорғау департаментінің қызметкері

Дархан Сисенов жеңімпаз атанды.

«Үздік тәуелсіз сарапшы» аталымы бойынша №5 Қалалық клиникалық аурухана ішкі аудит бөлімінің басшысы Майя Болшанова жеңімпаз атанды.

«Үздік денсаулық сақтау саласының әлеуметтік қызметкері» аталымы бойынша №5 қалалық клиникалық аурухананың әлеуметтік қызметкері Маргарита Асылбекова жеңімпаз атанды.

«Үздік медициналық колледж ұстазы» марапатына Алматы медицина колледжінің оқытушысы Майра Сарсенбаева лайық деп танылды.

«Үздік фельдшер» аталымы бойынша №32 қалалық емхананың фельдшері Еркебұлан Рысдәулетов жеңімпаз атанды.

«Үздік санитарлық- эпидемиологиялық сараптама маманы» аталымы бойынша Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бас маман-эпидемиологы Эльвира Ибрагимова жеңімпаз атанды.

Қала әкімінің «Алғыс» хатымен 30 медицина қызметкері, «Еңбек ардагері» медалімен 7 медицина қызметкері, «ҚР денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» 15 медицина қызметкері және «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен 15 медицина қызметкері денсаулық сақтау саласына елеулі үлес қосқаны үшін марапатталды.

Арайлым Жолдасбай

Соңғы жаңалықтар