Алматыда Медеу ауданы «Ассамблея жолы» эстафетасын Түрксіб ауданына табыстады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы Достық үйінде «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» аясында мәдени шара өтті.

Медеу ауданы «Ассамблея жолы» эстафетасын салтанатты түрде Түрксіб ауданына табыстады.

«Елбасының тапсырмасымен Қазақстанда «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» атты мега-жоба жүзеге асып жатыр. Бұл 2015 жылы құрылғанына 20 жыл толатын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрметіне өткізілуде. Бұл шараның негізгі мақсаты - елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан 130-ға жуық ұлт өкілдеріне әлеуметтік көмек көрсету. Бүгін Президенттің бізге ұсынған тапсырмасын әрі қарай жалғастыру үшін эстафетаны Түрксіб ауданына тапсырамыз», - деді Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов.

Оның айтуынша, әлеуметтік бағыттағы шаралар қаланың әр ауданында өткізіледі.

Бүгін Медеу ауданынан келген 20 мүмкіндігі шектеулі азамат пен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға құны 500 мың теңге болатын азық-түлік себеті мен материалдық көмек берілді.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда мега-жоба 26 шілдеде басталған болатын. Енді «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» ауданнан ауданға беріліп, жаңадан құрылған Наурызбай ауданында мәреге жетеді.

Соңғы жаңалықтар