Алматыда медбикелерге арналған өңірлік симуляция орталығы ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда орта буын медициналық қызметкерлер кәсібіне кіріспес бұрын арнайы тренажерде жаттығатын болды. Олар өздерінің алған білімдері мен қабілеттерін өңірлік симуляция орталығында сынақтан өткізбек.

Орта буынды медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жаңа орталық бүгін № 4 қалалық клиникалық аурухана аумағында орналасқан Алматы қалалық медицина колледжінің базасында ашылды. Тұсаукесер шарасына Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова, медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері, мейірбике ісі жөніндегі орынбасарлар, бас медбикелер, медициналық колледждердің өкілдері қатысты. Мамандардың айтуынша, симуляциялық оқыту орталығы симуляциялық технологиялар көмегімен студенттерді тәжірибелік дағдыларға машықтандырып, тәжірибелік білім деңгейін объективті бағалауға мүмкіндік береді. «Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «білім мен кәсіби машық - заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары» екендігі көрсетілген. Осыған сәйкес, қазіргі заманауи жоғары технологиялық медициналық жабдықтарда жұмыс істейтін мамандардың біліктілігінің деңгейін көтеру, сонымен қатар науқастың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - денсаулық сақтау саласының шешуге қажетті басты міндеті. Олай болса, терең теориялық біліммен қатар, медициналық қызметкердің тәжірибелік дағдысын қалыптастыру мен кәсіби машығын жоғары шеберлікке жеткізу үшін жас маман үнемі жаттығуы қажет», - деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова. Халықаралық стандартқа сай симуляциялық оқытудың дәстүрлі оқытудан ерекшелігі, студент науқаспен жұмыс жүргізіп, оған медициналық манипуляция жасамас бұрын емханаға дейінгі тәжірибеде симулятор мен медициналық тренажерде жаттығып, науқаспен жұмыс істей алу құқығын дәлелдеуі қажет.

Соңғы жаңалықтар