Алматыда майнинг фермасы арқылы пайда тапқан мемлекеттік кәсіпорын директоры ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда майнинг фермасын заңсыз орнатқан мемлекеттік кәсіпорынның директорына қатысты қылмыстық іс тергелуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық ізденістер мемлекеттік институты» ШЖҚ РМК директоры М-ге қатысты қылмыстық істі тергелуде. Ол аталған кәсіпорында майнинг фермасын заңсыз орнатқаны анықталды.

«Тергеу барысында директор пайда табу мақсатында мемлекеттік мекеменің әкімшілік ғимаратының аумағында заңсыз көлеңкелі бизнесті ұйымдастырған. Ол үй-жайларда криптовалютаны өндіруге арналған цифрлық майнингтік ферманы орнатқан. Бұл ретте майнингтік операциялар үшін электр энергиясын тұтыну мемлекеттің бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», - делінеді ведомствоның хабарламасында.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы заңсыз майнинг мәселесін түбегейлі шешуді тапсырған болатын.

Сондай-ақ, бұған дейін 51 майнинг ферманың заңсыз қызметіне тосқауыл қойылып, 55 ферма қызметін өздігінен тоқтатқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар