Алматыда мәслихат сайлауында бір орынға 8 үміткер таласады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы мәслихат сайлауына 125 үміткер өзін-өзі ұсынған. Оның ішінде ең жас үміткердің жасы 20-да болса, ең жасы үлкені - 74-те. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл Қалықова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, сайлау бюллетеніне Алматы қаласы бойынша тіркеуден өткен 6 партия енді.

«Алматы қаласы мәслихат сайлауына 6 саяси партияның 153 кандидаттан тұратын партиялық тізімі ұсынылды. Оның 149-ы тіркелді. Жалпы, саяси партиялар құжатты Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес ұсынады. Әрбір партия тізімінде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың үлесі - кемінде 30 пайыз»,- деді Айгүл Қалықова.

Оның мәліметінше, мәслихат сайлауына бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 210 кандидат ұсынылған.

«18 ақпан, сағат 18.00-дегі жағдай бойынша 21 бірмандаттық округ бойынша 170 үміткер тіркелді. 3 үміткер ұсынылған соң өз кандидатурасын кері қайтарып алды, 34-і тіркеу үшін қажетті бүкіл құжатты ұсынбаған, бір адам кандидат ретінде тіркелуден бас тартты, 2 кандидат талапқа сай емес деп танылды. Орта есеппен бір мандатқа 8 адамнан келеді. Ең жоғары бәсеке 12-ші округте, мұнда бір орынға - 12 адам. Тіркелген үміткерлердің 134-і ер, 36-сы әйел адам. Бір мандатты округтер бойынша Алматы қаласының мәслихатына 125 өзін-өзі ұсынушы тіркелген. Ең жас үміткер - 20 жаста, ең жасы үлкені - 74 жаста», - деді спикер.

Ол сондай-ақ ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға сәйкес бірмандаттық округ бойынша Мәжіліс депутаттығына 3 кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жойғанын мәлімдеді.

«№ 3 округ бойынша 1 кандидат. Осылайша онда 36 кандидат қалды. № 5 округ бойынша 2 кандидат. Ол жерде 32 кандидат қалды. Жалпы есепке келсек, 104 кандидаттың 101-і қалды. Сондай-ақ, бірнеше кандидатты тіркеу туралы шешім күшін жойды. Олар: № 7 округтен 1 кандидат. Онда 11 кандидаттан 10-ы қалды. № 17 округтен - 1 кандидат. Онда 9 кандидаттан 8-і қалды. Барлығы 170 кандидаттан 168-і қалды»,- деді Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл Қалықова.


Соңғы жаңалықтар