Алматыда мас күйінде көлік айдаған 21 жүргізуші ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мас күйінде көлік айдаған 21 жүргізуші ұсталды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Үш күнге созылған «Қауіпсіз жол» акциясы барысында полиция қызметкерлері 4114 жол ережесін бұзу дерегін тіркеді. Оның ішінде мас күйінде көлік тізгіндеген 21 жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, жол ережесін бұзған 53 автобус жүргізушісі де әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

«Әкімшілік полиция жұмысының басты бағыттарының бірі - қоғамдық көлік жүргізушілерінің арасында құқықбұзушылықтың алдын алу. Жолаушылардың тарапынан түсіп жатқан шағымдарды тексеру мақсатында олардың жұмысын бақылауға алуды ұйғардық», - деді қалалық ІІД өкілі Еркін Өтегенов.

Оның айтуынша, жол ережесін бұзып, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жүргізушілер ҚР заңнамасына сәйкес жазасын алатын болады.

Қазір тұрғындардың тарапынан әкімдік сайтына, ІІД басшысының блогына автобус жүргізушілерінің жол ережесін өрескел бұзуы жайлы түсетін шағымдардың саны көбейді. Олардың ішінде интернет пайдаланушыларының тарапынан түсетін бейнетүсірілімдер де бар.

Жақында трамвай жолына тіреліп қалып, көлік кептелісін тудырған №16 атвобус жүргізушісінің әрекеті жан-жақты тексеріліп, құқықтық баға берілді.

Қаладағы тасымалдаушы компаниялардың біріне тиесілі автобустың 24 жастағы жүргізушісі ҚР ӘҚбК 596-бабы бойынша 30 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.

Соңғы жаңалықтар