Алматыда МӘМС шеңберінде 90,1 млрд теңге көлемінде тегін операциялар жасалды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы тұрғындарына биылғы 9 айда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 90,1 млрд теңге сомасында қызмет көрсетілді. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, соңғы жылдары консультативтік-диагностикалық қызметтерге сұраныс артқан. Оған өткен 9 айдың ішінде қор 18 млрд теңге жұмсаған. Сонымен қатар, МӘМС құны қымбат операциялардың да шығынын жабады.

«Сақтандыру қаражаты есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, хирургия, онкология, ЛОР профильдері бойынша жүздеген ота жасалып жатыр. Мұндай бір отаның құны бірнеше миллионға дейін жетіп жығылуы мүмкін. Мысалы, осы жылдың 9 айында бір ғана Алматы бойынша 1300-ден астам кардиохирургиялық операция жасалып, оған қор тарапынан 5,7 млрд теңге төленді. Нейрохирургиялық профиль бойынша 548 операция жасалған. Оған 2,9 млрд теңгеден астам қаржы төленді», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Бүгінде тізе, жамбас буындарын алмастыру операцияларына деген сұраныс та жоғары.

«Мысалы, осы жылдың 9 айында 240-тан астам буын алмастыру операциясы жасалып, оған 438,5 млн қаржы төленді. Сонымен қатар, Алматы қаласында қаңтар-қыркүйек аралығында жалпы құны 441 млн теңге тұратын 70-тен астам трансплантация жасаған. Олардың ішінде 18 бауыр-бүйрек алмастыру операциясы да бар. Осының бәрі сақтандыру арқылы көрсетіліп жатқан қызметтер», -деді филиал басшысы Тілеухан Әбілдаев.


Соңғы жаңалықтар