Алматыда мамандандырылған екі ХҚО ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының тағы екі ғимараты ашылды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мамандандырылған жаңа ХҚО-ны ашу - көлік құралдарын тіркеуге, қайта тіркеуге және көлік жүргізушісі куәлігін ауыстыруға ниетті азаматтар санының артуынан туындап отыр.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ғалым Қарқынбаевтың айтуынша, алғашқы мамандандырылған ХҚО ашылғалы бері 5 жылдың ішінде автокөлік иелеріне көрсетілетін қызмет көлемі бес есе артқан.

«Қала шекарасының кеңеюіне байланысты Алматы қаласы халқының саны бір жарым есе өсті. Сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірін беру бойынша экстерриториалды қағидасы енгізілгеннен кейін көлік саны арта түскен. Тіркелетін транспорттың 50% өзге қалалардан келген қызмет алушылар рәсімдейді. Олардың 80% - Алматы, 20% - Түркістан және Жамбыл облыстарының тұрғындары. Бұл Саялы шағын ауданы мен Майлин к-сі, 85 мекенжайында орналасқан мамандандырылған ХҚО-лар жүктемесін көбейтті», - дейді Ғалым Қарқынбаев.

Сондай-ақ ол көлік жүргізушісі куәлігін алу барысында тапсырылатын емтихан бұрынғыдай Алатау ауданында орналасқан №1мамандандырылған ХҚО-да жүргізілетінін жеткізді.

Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және мемлекеттік қызметтерді көрсету үрдісін жетілдіру мақсатында «Электрондық үкімет» порталында көліктерді тіркеу және көлік жүргізушісі куәлігін алмастыру қызметтері бойынша сервистер жұмыс істейді. Тиісті құжаттар бір сағат ішінде рәсімделеді.

Бүгінге дейін электрондық үкімет порталы арқылы үш мыңнан астам көлік тіркеуге қойылған (Алматы қаласында 550), сондай-ақ 13 мыңға жуық азамат (Алматы қаласында 1765) көлік жүргізушісі куәлігін жаңасына алмастырды.

Мамандандырылған жаңа ХҚО-лар Наурызбай ауданының Шұғыла шағын ауданы 347/2 мекен жайында және Жетісу ауданының Құлагер шағын ауданы, Серіков көшесі 6а мекен жайында орналасқан.

 

 

Соңғы жаңалықтар