Алматыда Махатма Ганди орталығы ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Махатма Ганди атындағы орталық ашылды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Орталық университеттің Шығыстану факультетінде ашылып отыр. Орталықтың ашылуына Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Прабхат Кумар, Үндістан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Шри Мартин Сириас Слеменс, Қазақстандағы Үндістан Республикасының әскери атташесі полковник Милан Налаваде және ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері қатысты.

«Бүгін тұсауы кесіліп отырған орталық үнді халқының тұлғасы Махатма Ганди есімімен тікелей байланысты. «Әлемнің өзгеруін қаласаң, өзгерісті өзіңнен баста» - деген нақыл сөзді мұра етіп қалдырған Махатма Ганди - Үндістанды Ұлыбританиядан азат етуүшін күрескен ғасыр адамы. 1992 жылы университетіміздің шығыстану факультетінде үндітану бөлімі ашылды. Жиырма алты жыл ішінде үндітану бөлімін хинди, урду тілдерін меңгерген екі жүзге жуық шәкірт бітіріп шықты. Олардың ішінде, бакалавр, магистр және PhD докторлар бар»,- деді ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов.

Салтанатты жиында сөз алған Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Прабхат Кумар екі елдің достығына тоқталды.

«Махатма Ганди шын мәніндегі ұлт көсемі дәрежесіне көтерілген, ұлы мұрат жолында қайтпас жігер танытқан тұлға. Бүгінде Махатма Ганди орталығының ҚазҰУ-да ашылуы Үндістан мен Қазақстанның мызғымас достығының дәлелі», - деді елші.

Сонымен қатар шара соңында қазақ, орыс, ағылшын және хинди тілдеріндегі  отандық және шетелдік үндітанушы-ғалымдардың материалдары ұсынылған кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Хинди-қазақ, қазақ-хинди сөздігі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Соңғы жаңалықтар