Алматыда магистратураға түсуге емтихандар басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында магистратураға түсудің жаңа форматы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, тестілеуге жұртшылықтың қатысуын қамтамасыз етті.

Тесте жоғары ұпай жинағандар грантқа ие болады. Сондай-ақ, ЖОО-ны өздері таңдайды. Яғни грант магистрдің таңдаған жеріне бағытталады. Бұл, гранттардың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар,университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді.

Алматы қаласында кешенді тестілеу 10-16 тамыз аралығында, алты университетте өтеді.

Тестің әділ өтуін қамтамасыз ету үшін бақылаушы ретінде арнайы мониторинг тобының мүшелері,«Алматы - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тартылды.

Қоғамның атсалысуы ұйымдастырушылар мен өтініш берушілер тарапынан болатын құқықбұзушылық фактілерді азайтады. Студенттерге тыйым салынған заттарды (смартфондар, шпаргалкалар) пайдалану мүмкіндігін шектейді. Емтиханды басқа адамның тапсыруына, емтихан сұрақтарын сыртқа алып шығуға жол берілмейді.

Абай атындағы ҚазҰПУ-ге тестілеуге келген студенттер алдында Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Қайрат Сүнтаев сөз сөйледі.

«Жастар еңбектеніп, адал жолмен, заңды бұзбастан өз Отанын сүюі керек. Сіздің біліміңіз - сіздің еңбегіңіздің нәтижесі. Көп еңбектенсеңіз, біліміңізді жетілдіруге ұмтылсаңыз, соғұрлым білім көкжиегіңіз кеңейеді. Сіздердің білімдеріңіз мемлекеттің экономикалық ресурсы болып саналады. Білім халықтың өсу факторы ретінде қарастырылады», - деді ол.

Мұндай жұмыс техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында да жүргізілетін болады.


Соңғы жаңалықтар