Алматыда мәдениет және спорт нысандары қалай жұмыс істеп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгінде қаланың барлық ұйымдары мен спорт нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде. Бұл туралы Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі штаб отырысында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, барлық спорт нысандары мен ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеп тұр, оқу-жаттығу процестері қайта жанданды.

Бүгінде Алматыда 19 театр жұмыс істейді, оның 10-ы мемлекеттік және 9-ы жекеменшік. Барлығы – 10 концерттік-ойын-сауық, демалыс ұйымдары, оның ішінде 6 республикалық және 4 қалалық ұйымдар. Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, барлық мәдениет және өнер мекемелерінде іс-шаралар өткізу тоқтатылды. Мәдениет басқармасының ведомстволық бағынышты мекемелері шектеулі жұмыс режиміне көшті – штаттық қызметкерлердің 70-80% онлайн жұмыс істейді. Офлайн режимде тек Алматы қаласында зообақ пен мұрағат жұмыс істейді.

Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты ғибадат объектілерінде (мешіттер, шіркеулер, храмдар және тағы басқа) ұжымдық құлшылық етуге (жұма намазы, жексенбі жиналыстары және өзгесі) тыйым салынған.

Ержан Бабақұмаров қаланың волонтерлік ұйымдарының жұмысы туралы айта келіп, биылғы 10 қаңтардан бастап қалалық волонтерлік штабтың жұмысы басталғанын атап өтті. Мұнда 800-ден астам қоңырау түскен. Штаб 10-21 қаңтар аралығында жатақханаларға, коммуналдық қызметтерге, жатақханада тұратын студенттерге, әскери қызметшілер мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 7 мыңнан астам ыстық тамақ тасымалдады. Сондай-ақ мұқтаж алматылықтарға 500-ге жуық азық-түлік пакеті таратылды.

Алматы қаласының этномәдени бірлестіктері құқық қорғау органдарының, 4-ші қалалық аурухананың және басқа да қалалық ауруханалардың қызметкерлеріне 5,5 млн теңгеге азық-түлік себеті түрінде қайырымдылық көмек көрсетті.


Соңғы жаңалықтар