Алматыда мәдениет мекемелерінің жұмысын бақылайтын топ құрылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ержан Бабақұмаров мәдениет нысандарының жұмысын жаңғыртуға дайындықты бағалау жөніндегі мониторинг тобын құруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин және қалалық мәдениет басқармасының басшысы Эрнар Құрмашевпен бірлесіп, мәдени мекемелер және кәсіпорын жетекшілерімен кездесу өткізді. Жиналысқа республикалық және қалалық мәдениет және өнер нысандарының басшылары, сонымен қатар жекеменшік ұйым өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Алматы қаласында мәдени нысандарының жұмысын бастау мәселесі қаралды. Қазір мегаполисте 134 мәдени ұйым, олардың ішінде 41 республикалық, 40 қалалық, 6 ведомстволық және 47 жекеменшік ұйым бар. Мәдениет саласында барлығы 8500 адам жұмыс істейді.

​Қалалық мәдениет басқармасының ақпаратына сәйкес, мәдениет нысандары үшін карантин шараларын жеңілдетудің алғашқы қадамы 2020 жылдың 25 мамырында басталады. Сол күннен бастап бір уақытта келушілер саны 30 адамнан аспайтын, көрерменсіз, санитарлық-дезинфекциялық тәртіпті қатаң сақтаған жағдайда жеке және топпен дайындық өткізуге рұқсат етіледі.

Сонымен қатар, мәдениет ұйымдары жетекшілеріне:

- жұмысты қашықтан істеу мүмкін болса, қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыру;

- кіреберіс пен шығатын жерге қолды залалсыздандыру үшін санитайзерлер орнату;

- барлық қызметкерлерге бір реттік маскалар мен қолғаптар қолдану;

- еденді жуу және үстелдер, сөрелер, орындықтар, баспалдақ жақтауларын, есікті күніне кем дегенде 3 рет жуып, тазартып, 15 минут желдету;

- ақаусыз істеп тұрған желдету жүйесімен қамтамсыз ету ұсынылады.

Келушілердің саны 50 пайыздан аспауы шарт.

Бұқаралық мәдени-демалыс және ойын-сауық іс-шараларын 1 шілдеге дейін ұйымдастыруға тыйым салынады.

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәдениет нысандары басшыларын барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға және тиісті санитарлық-эпидемиологиялық шараларды жүргізудің маңыздығына назар аудару қажеттіне тоқталды. Әсіресе мәдениет нысандарының жұмысын жаңғыртудың бірінші кезеңі аясындағы әрекеттер алгоритміне баса назар аударылды.

«Мұражайлар, галереялар, кинотеатрлар мен басқа да мәдениет нысандарыың жұмысындағы алгоритмде қарастырылған барлық талаптарды сақтай отырып, күшейтілген дезинфекциялық режимді қамтамасыз ету керекпіз. Ұйымдарда эпидемияға қарсы шаралардың сақталуын – термометрияның жүргізілуін, жұмыс кезінде қолғап пен масканың қолданылуын және олардың уақтылы ауыстырылуын, персонал арасында инструктаж өткізуді, жуатын дезинфекциялық құралдардың болуын, арнайы орындарда жеке тамақтанумен қамтамасыз етілуін, жеке гигиена сақтау үшін жағдайдың жасалуын қадағалайтын жауапты адам болуы керек. Нысандар желдету жүйесімен қамтылуы керек», - деді Ж.Бекшин.

Сонымен бірге ұйымдардың әкімшіліктеріне жеке автокөлігі жоқ қызметкерлерді үйлеріне жеткізуді ұйымдастыру тапсырылды.

Қаланың мәдениет басқармасына жоғарыда аталған эпидемиологиялық талаптар бойынша нысанның дайындығына алдын ала баға беру жөнінде мониторинг тобын құру тапсырылды. Қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілмеген жағдайда нысандарға карантин шараларына дайындығы туралы акт берілмейді.

Қауіпсіздік шараларын сақтауға басшылардың жауапкершілігі белгіленді.


Соңғы жаңалықтар