Алматыда локдаун енгізілмейді – Жандарбек Бекшин

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшин қаланың жабылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жандарбек Бекшиннің айтуыша, Алматының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде эпидемиологиялық бағалау жүйесі енгізілді. Бұдан былай барлық факторларды ескере отырып, апта сайын енгізілетін шектеу және рұқсат беру шараларына бағалау жүргізіледі.

Жаңа халықаралық әдіс індетке шалдыққандардың инфекцияны қайдан жұқтырғандарын талдауға мүмкіндік береді. Олардың үй ошағы, жұмыс орны бойынша байланысы, әуе жолаушылардың инфекция әкелуі, жұқтыруы ықтимал орындар талданып, бағаланады. Соның нәтижесінде кей шаралар қатаңдатылып, тиімсізі мүлде жойылады.

«Эпидемиологиялық тексеру барысында науқастар базарда, дүкенде, не автобуста, метромен жүрген кезде жұқтырғанмын деп өзі айтады. Маска тақпаймын, тойда бетпердесіз болдым. Нашар желдеткіш болды, 5-6 сағат бір орында отырдық деген көптеген түсініктемелері бар. Соның бәрін талдап, реттейміз», – деді Жандарбек Бекшин.

Жандарбек Бекшин, сондай-ақ, қаланың жабылуына қатысты пікірін білдірді.

«Әрине, қазіргі ахуал күрделі. Бірақ қыстан бері жасаған дайындығымыз қазіргі жағдайдан өтуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде 7 011 төсек-орын бар. Бос төсек-орын саны 44,9 пайыз (2 520 орын). Жансақтау бөліміндегі төсек-орындардың 62 пайызы бос. Сондықтан жағдай Қоғамдық денсаулық сақтау ұйымының бақылауында, мәселе күнделікті бақылауда. Алаңдататын проблема жоқ. Себебі бәрі ауруханаға дер кезінде жатқызылып жатыр. Олардың саны 250-270 шамасында, 500-ге жеткен жоқ. Сондықтан қазіргі таңда локдаун, қаланы жабу деген әңгіме жоқ», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар