Алматыда лаңкестікке қарсы оқу-жаттығу өтіп жатыр

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының Түрксіб ауданында, Спасская көшесі, 67-үйде, сағат 6:00-ден 12:00-ге дейін лаңкестікке қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының лаңкестікке қарсы күрес бойынша жедел штабының мәліметінше, оқу-жаттығудың мақсаты - адамдар көп жиналатын жерлерде лаңкестік сипаттағы қауіп-қатер туындаған жағдайда өзара іс-қимыл жасау дағдыларын пысықтау. Жаттығу міндеттері лаңкестік актісінің жолын кесу механизмін жетілдіруге бағытталған.

«Оқу-жаттығуларды өткізу кезеңінде шектеу шаралары болатынын хабарлаймыз. Осыған байланысты, азаматтарды өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және оқу-жаттығу өткізуге тартылған мемлекеттік органдар қызметшілерінің заңды талаптарын орындауға шақырамыз. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 443-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысушы тұлғаның заңды талабына бағынбау әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз», - деп хабарлады жедел штабтың өкілдері.



Соңғы жаңалықтар