Алматыда қызы анасына бауырының жартысын берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бауыр циррозымен ауыратын екі науқасқа қыздары бауырының жартысын берді. №7 қалалық аурухананың дәрігерлері жасаған трансплантологиялық ота сәтті өтті.

Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Бауыр циррозымен ауыратын екі науқастың екеуіне де қыздарының бауырларының жартысы салынды. Екеуінде де бауырдың оң жағы алынып, ауыстырылды. Қазір екі қыздың денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда. Ал аналары ауруханадан шығуға дайындалып жатыр», - делінген хабарламада.

Бауырының жартысын салуға арналған алғашқы ота аталған медициналық мекемеде былтыр Үнді мамандарымен бірігіп жасалған еді. Ол кезде де анасының өмірін құтқаруға қызы ота үстеліне жатқан болатын.

№ 7 қалалық аурухана ұжымы ағза мүшелерін ауыстыру оталарын 2012 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Осы уақытқа дейін аурухана қабырғасында 70 бүйрек трансплантацияланған.

«Алматыда осындай отаға 120 адам мұқтаж. Олардың барлығын қамту үшін қалалық медициналық мекемелерде трансплантациялық бағдарламаны жүзеге асыру қолға алынып отыр. Осындай мекемелердің бірі - №7 қалалық аурухана. Кез келген науқастың шетелге баруға мүмкіндігі жоқ. Операциядан кейін науқас міндетті түрде ота жасаған дәрігердің бақылауда болуы керек. Қазір ауруханада жоспарлы және гепатобилиарлы хирургия бөлімшесі ашылған. Бөлімше мамандары алыс-жақын шетелдерден білім алып келді. Өткен жылдың өзінде 9 маман - Беларусь елінде, 5 маман - Оңтүстік Кореяда, үшеуі Үндістанда білім алып келген», - деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова.

Айта кетерлігі, операцияға кететін шығын мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Ал Қазақстанда қазір бүйрек ауыстыру құны 2 - 2,5 млн. теңге, бауыр ауыстыру 8-10 млн. теңге тұрады.

Бауыр жасушаларының тез өсуіне байланысты мұндай операция пациенттің денсаулығына қауіп төндірмейді. Америкалық мамандардың зерттеуінше, екі аптада бауыр толығымен өз қалпына келіп, адам аяқтан тік тұрып кете алады.

Соңғы жаңалықтар