Алматыда қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерін еске алды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің Үйлестіруші Кеңесі қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің Монументіне гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.

Ескерткіш Алматы қалалық ІІД ғимаратының алдына орнатылған.

Шараға ҰОС және ауған соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері және басқа да азаматтар қатысып, қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына тағзым етті.

«Біз бүгін қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің ескерктішіне олардың рухына тағзым ету және ерліктеріне құрмет көрсету үшін келдік. Осыдан үш күн бұрын полиция қызметкерлері өз өмірлерін қиып, аса қауіпті қылмыскерді ұстады. Осылайша, талай адамның өміріне төнген қауіпті жойды. Бұл жігіттер, берген антына адал болып, әскери және азаматық борышын соңына дейін өтеді. Олар нағыз батырлар!» - деді өз сөзінде «Ауған соғысы ардагерлерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров.

Бұдан кейін шараға қатысушылар қаза тапқан полиция қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін оған қатысушылар Алматы қалалық ІІД музейін аралады.

Естеріңізге сала кетелік, Алматыда 2016 жылдың 18 шілдесінде болған лаңкестік әрекет салдарынан 28 жастағы полиция капитаны Бауыржан Нұрмұханбетов, 24 жастағы полиция сержанты Мақсат Сәлімбаев және 42 жастағы полиция старшинасы Аян Ғалиев қаза тапты. Ертеңіне ауруханада Жол-патрульдік полиция қызметінің мамандандырылған батальонының 29 жастағы аға инспекторы Тимур Бегасылов көз жұмды. Оны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі бүгін Алматы облысының Есік қаласында өтті.




Соңғы жаңалықтар