Алматыда қылмыскерлер меморганның атын жамылып, ойын автоматтарын тәркілеп келген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда сауда орындарынан ойын аппараттарын алдап тәркілеп жүрген алаяқтар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы полицейлері жүргізген жедел арнайы шара барысында дүкендердегі ойын аппараттарын алдау жолымен тәркілеп келген «мемлекеттік органның» жалған қызметкерлері ұсталды.

«4 жігіт сауда орнына кіріп, мемлекеттік орган атынан келгендерін айтып, орнатылған ойын аппараттарын алып кетіп отырған. Олар ешқандай қызметтік куәлігі мен акт толтырмаған. Ұсталған төртеуі де ШҚО тұрғындары болып шықты, олардың екеуі бұрын істі болған. Олардың жасы 27-ден 31 жас аралығында. Сонымен қатар, олардың бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше мәрте қылмыс жасағаны анықталды», - деді Алатау ауданы ІІБ басшысы полиция майоры Мақсат Қанапяев.

Оның сөзінше, сауда орындарындағы сатушылар ойын аппараттарының жұмысына тікелей жауапты болмағандықтан алаяқтардың әрекетіне кедергі бола алмаған. Ұсталғандардың өзі аппараттарды таксиге 10 мың теңге беріп алып кетіп отырғандарын айтты. Қылмыстық іс фигуранттары аппараттарды әрқайсысын 150 мың теңгеден сатқан. Қазіргі уақытта Алатау ауданында күдіктілердің аталған эпизод бойынша 6 қылмыс жасағаны анықталып отыр. Ал қала бойынша 15 дүкен олардың «құрбаны» болған.

«Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 190 (алаяқтық) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілердің қылымысы бойынша зардап шеккендер болса, 227-55-00, 2227-55-01 немесе 227-55-02 телефондарына хабарласуды сұраймыз», - деді Мақсат Қанапяев.

Соңғы жаңалықтар