Алматыда қылмыс деңгейі 47% төмендеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда қылмыс 47,8% азайды. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2019 жылдың қылмыстық ахуалын талдау негізінде қала әкімінің тапсырмасымен полицияның 41 стационарлық модульдік посты ашылған, оның 4-еуі туристік полицияда және 37-сі ең криминогенді аудандарда орнатылған.

«Модульдік постта күндізгі уақытта учаскелік инспекторлар, түнде патрульдік полиция полкінің екі инспекторы қызмет етеді. Орнатылған модульдік полиция посттары қаладағы қылмыс жағдайына оң әсер етті. Стационарлық пост ашылған, жаяу патруль күшейтілген жерлерде құқық бұзу фактісінің азайғаны байқалады, алғыс айтушылар көп, бұл олардың жұмысының тиімділігін көрсетеді», - дейді Қанат Таймерденов.

Стационарлық полиция посттары орналастырылған сәттен бастап 7 мыңнан астам азамат өтініш білдірген, олардың өтініші бойынша 43 іс қозғалып, тергеу амалдары басталыпты.

«Бұл өтініштер бойынша 2 200 әкімшілік іс қозғалды, 816 өтініш бойынша жауап шаралары қабылданды, 949 азаматқа заңгерлік көмек және кеңес берілді. Жалпы, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қалада қылмыс барлық бағыттар бойынша 47,8% төмендеді. Сонымен қатар, модульдік пост орнатылған жерлерде қылмыс деңгейі орта есеппен 60% төмендеді», - деді ол.

Алматыда күніне орта есеппен 1650 полиция қызметкері 550 мың криминогендік маршрутты күзетуге шығады. Оның 1110-ы - жаяу, 540-ы - автокөлікпен.


Соңғы жаңалықтар