Алматыда КВИ жұқтырғандар саны өсіп жатыр

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі КВИ жұқтырғандар саны өсуіне байланысты алматылықтарды шектеулерді сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, соңғы тәулікте Алматыда коронавирус инфекциясының 360 жағдайы тіркелген.

КВИ-ге қатысты эпидемиологиялық ахуал Алматыда 2 наурыздан бастап бағалау матрицасының «сары» аймағына, ал 10 наурыздан бастап «қызыл» аймағына өтті.

Эпидемия басталғаннан бері коронавирус инфекциясының 27 361 жағдайы (100 мың тұрғынға шаққанда 1 344,7), сондай-ақ 1666 коронавирус пневмониясы тіркелді.

КВИ ауруының өсуі 3 наурызда басталды. Сол кезде тәулігіне 121 ауру тіркеліп, 13 наурызда күніне 360 жағдайға жетті. Сонымен қатар, ПТР анализдерінің саны өткен аймен салыстырғанда өсті. Тәулігіне тест тапсырушылар саны 5 100-ден 6 058 дейін артты.

13 наурызда анықталған 360 коронавирус инфекциясының 359-ы жергілікті, 1-і Ыстанбұлдан келген. 269-ы симптомады, ал 91-і симптомсыз. Бүгінде жұқпалы аурулар ауруханаларында 1287 адам (57 бала) жатыр, оның 14-і өте ауыр, 131-і ауыр, 1142-і орташа ауырлық дәрежесінде. Өкпені жасанды желдету аппаратында 7 науқас жатыр.

Соңғы 7 күнде ауру деңгейі 61,2 құрады, репродуктивті саны R - 1,3. Өткен тәулікте КВИ-мен 360 жағдай тіркелді.

Наурызда КВИ эпидемиясының өсу тенденциясы байқалады. Мәселен, ақпанның бірінші аптасында 770 оқиға, екінші - 740, үшінші - 721, төртінші - 714 жағдай тіркелді. Наурыздың бірінші аптасында 923 жағдай тіркелді, 8-13 наурыз аралығында - 1 365 жағдай.

Эпидемиологиялық зерттеулер инфекцияның нақтылы және ықтимал ошақтарын анықтады. Демек, ауру отбасы мүшелерінен - 36%, еңбек ұжымдарынан - 6%, жайсыз елдерге барған шетелдік сапарлардан 2% жұққан.

Мектептерде 1-5 сыныптардан бастап оқудың басталуына байланысты 14 жасқа дейінгі балалар арасында инфекция 22,4%-ға өскен.

Сонымен қатар, КВИ өсуіне симптомсыз науқастардың өзін-өзі оқшаулау режимін бұзатын жауапсыз мінез-құлқы ықпал етеді. Мекенжайларына барып тексерген кезде 76 науқас және олармен байланыста болғандар карантин режимін бұзған және үйлерінде болмағаны анықталды. Ал байланыста болған 7 адам жұмыста болған.

Осыған байланысты Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары мегаполис тұрғындарын байланысты шектеуге және санитарлық қауіпсіздік шарасын қатаң сақтауға шақырады. Бұл маска кию, қолға антисептик жағу, қоғамдық орындарға барғанда әлеуметтік арақашықты сақтау.

«Осы ұсыныстар сақталмаған және мереке күндері байланыстар көбейген жағдайда, КВИ жағдайының күрт шиеленісуі және ауру саны өсуі мүмкін. Нәтижесінде жұқпалы аурулар ауруханаларына жүктеме артып, кәсіпорындар мен ұйымдарда карантин шаралары күшейтіледі. Жағдайдың нашарлауына жол бермеу біздің ортақ мүддеміз. Барлығына жауапкершілік әрі сақтық таныту, туыстары мен достарына санитарлық қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескерту қажет. Бұл біздің бір-бірімізді қорғаудың, денсаулығымызды сақтаудың жалғыз жолы», - деді Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А. Қалықова.


Соңғы жаңалықтар