Алматыда күрестен Қазақстан жазғы спартакиадасы мәресіне жетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында күрес түрлерінен Қазақстан VI жазғы спартакиадасы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балуандардан ең соңғы болып еркін күрес шеберлері медальдарды сарапқа салды.

Кеше жамбылдықтар Рахат Қалжан мен Санжар Мұхтар 57 және 65 кг салмақта топ жарды. 74 кг салмақта финалда 2016 жылы қазақ балуандары арасында алғаш рет әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған БҚО-ның тумасы, бұл жолы Астана атынан кілемге шыққан Нұрлан Бекжановты ұтқан шымкенттік Дархан Есенғали үздік шықты. Осы салмақта әлем чемпионатының жүлдегерлері Нұрғожа Қайпанов пен Данияр Қайсановтың медальсыз қалуы бәсекелестіктің күшейе түскенін көрсеткендей.

Сондай-ақ шығысқазақстандық Азамат Дәулетбеков 86 кг, астаналық Бекзат Үркімбай 97 кг салмақта жеңіс тұғырына көтерілді.

Бүгін жалғасқан додада түркістандық Нұрболат Әбдуәлиев 61 кг, астаналық Санжар Достанов 70 кг, атыраулық Болат Сақауов 79 кг, Алматы қаласының өкілі Ризабек Айтмұхан 92 кг және ақтөбелік Юсуп Батырмұрзаев 125 кг салмақта үздік атанды.

Жалпы есепте Жамбыл облысы көш бастаса, астаналықтар екінші, павлодарлықтар үшінші орынға көтерілді.

Осылайша, күрес түрлерінен Қазақстан спартакиадасы аяқталды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын кілемге қайта оралған Алмат Кебіспаевтың грек-рим күресінен спартакиада чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ олимпиада жүлдегері Эльмира Сыздықова туған күнінде спартакиада жеңімпазы атанды.


Фото: Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі


Соңғы жаңалықтар