Алматыда құрбандыққа шалынған мал еті 5 мың мұқтаж отбасына таратылады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биыл Құрбандық еті 5 545 мұқтаж отбасына таратылады. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласының Бас имамы Оспан Төлеби мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Құрбандық шалу рәсімі qurban2021.kz сайтына тапсырыс бере отырып, онлайн режимде өтеді. Өтінімдер 15- 22 шілде аралығында сағат 14.00-ге дейін қабылданады.

«Биыл Алматы қаласында Құрбан айт мерекесі кезінде 1108 ұсақ және 50 ірі қара мал құрбандыққа шалынады деп жоспарлануда. Құрбандық еті 5 545 мұқтаж отбасы мен 14 мекемеге бөлінеді», – деді Оспан Төлеби.

Сонымен қатар, ол СОVID-19 эпидемиясы жағдайында Құрбан айт мерекесін атап өтуді халыққа түсіндіру мақсатында Орталық мешітімен бірлесіп Call-орталықтың жұмысы ұйымдастырылғанын жеткізді.

Еске салсақ, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, Алматы аумағында 19-ы мен 22 шілде аралығында мал сою цехы мен базарлардың жұмыс істеуіне тыйым салынған.

Сондай-ақ малды союға, оны автокөліктер мен жеке үй иелерінен сатуға болмайды.

Қала аумағына жануарлардың әкелінуіне жол бермеу үшін Алматы аймағының кіреберістеріне бекеттер орнатылады.

«Мұқтаж адамдарға құрбандыққа шалынған малдың етін тарату үшін арнайы адамдар жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі. Тез бұзылатын өнімдерді, соның ішінде құрбандыққа шалынған малдың етін тасымалдау және сақтау жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық ережелер қатаң сақталады»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар