Алматыда күніне 50 жүргізуші ескі айыппұлын жою туралы арызбен келеді - ІІД
2018 жылғы 23 қаңтар 19:33

Алматыда күніне 50 жүргізуші ескі айыппұлын жою туралы арызбен келеді - ІІД

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық ІІД-нің Әкімшілік полициясы ескі айыппұлдарын жою үшін күніне 50 жүргізушіден арыз түсетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы Әкімшілік полиция қызметінің басшысы Жандос Мұратәлиев ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне (ҚР ӘКБК) енгізілген толықтырулардан кейін жүргізушілер ескі айыппұлдарын жою туралы өтінішпен шыға бастағанын айтты.

Оның айтуынша, жүргізушілердің мұндай арызы 15 күн ішінде қаралып, айыппұлы анықталады.

«Жүргізушінің бір жылдан асып кеткен әкімшілік құқық бұзғаны туралы материалдары күшін жоя алады. Мұндай бап ҚР ӘКБК-де бұрын да болған. Бірақ, онда бақылау камераларына түскен видеотіркеудегі заңбұзушылықтар туралы тарау жоқ еді. 2018 жылдың 9 қаңтарынан бастап, бұл тарау кодексе енгізілді. Яғни, енді бейнебақылау камераларына түскен айппұлдар бір жылдан кейін күшін жоя алады. Бірақ, бұл өзгеріс 2018 жылдан басталады. Дегенмен, егер жүргізуші бір жыл өтіп кеткен ескі бейнетіркеу материалдарын жою туралы арызбен келсе, оның мәселесі тексеруге алынады. Тексеріс кезінде, жүргізушінің заң бұзғаны туралы мезгілінде ақпараттанғаны, «Қазпошта» арқылы ескерту алған-алмағаны анықталады. Егер «Қазпошта» жолдаған ескерту қағазын жүргізушінің алғаны расталса, ондай ескі фактілер мейлі, 2014, 2015 жылы тіркелген болсын, күшін жоя алмайды», - деді Мұратәлиев.

Бұл өзгеріс енгізілгенімен алматылық жүргізушілер жаппай арызданып жатпаған көрінеді. Алматының әкімшілік полициясы арызданушылардың қарасы бүгінгі таңда аса көп емес екенін айтты.

«Елбасы Жарлығымен Кодекске өзгерістер 2017 жылдың 28 қаңтарында енгізілді. Заң 2018 жылдың 9 қаңтарынан бастап күшіне енді. Әкімшілік полицияға осы арызбен қазір жүргізушілер жаппай келе бастады деп айта алмаймыз. Шамамен, күніне 50-70-тей арыз түседі. Біз 15 күн ішінде оларды қарап, істің мән-жайын анықтаймыз», - деді полиция полковнигі Мұратәлиев.

Заңгерлер осы тұста әкімшілік кодекстегі өзгерістерге қарамастан сот орындаушылары тарапынан келетін ескі айыппұлдар туралы ескертулерге қандай жауап беру қажеттігін айтты. Адвокат Жан Күнсеркиннің айтуынша, ескі айппұлдарды қайта көтерген сот орындаушысының ондай әрекетін сотқа беруге болады.

«Егер сот орындаушы бір жылдан кейін аяқасты жүргізушінінің ескі айыппұлын төлеуге мәжбүрлесе, оның бұл әрекеті заңсыз болып есептеледі. Мұндай жағдайда жүргізуші сот өндірісіндегі материалды тоқтату туралы арыз беруі қажет. Егер сот орындаушы бұл талапты орындамаса, онда сотқа шағымдану қажет», - деді Жан Күнсеркин.

Айта кетейік, кодекске енгізілген өзгерістер қатарында айыппұл төлеудегі жеңілдік мәселесі де нақтыланған. Енді 7 күн ішінде айыппұлды төлеген жағдайда жасалатын жеңілдік жүргізушіге айыппұл салынған күннен бастап емес, оған айыппұл туралы ескерту берілген күннен басталады.

«ҚР ӘҚБК 890-бабына сәйкес, жүргізуші өзінің құқық бұзғаны туралы ақпараттанған болуы керек. Бұл бапта видеотіркеуге байланысты айыппұл төлеудегі жеңілдік мәселесі көрсетілген. Яғни, Сіз 1 қаңтарда бейнетіркеуге ілінсеңіз, бірақ Сізге ескерту 31 қаңтарда келса, 7 күн ішінде төленуі керек жеңілдік Сіз ескерту алған күннен басталады. Яғни, жеңілдік Сізге ескерту берілген күннен бастап есептеледі», - деді Мұратәлиев.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT