Алматыда Креативті индустрия паркі салынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда болашақта Креативті индустрия паркі салынады. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Almaty Investment Forum барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің айтуынша, Алматыда көлік, коммуналдық қызметтер, қауіпсіздік, халық денсаулығы, қызмет көрсету саласында ақылды технологиялар қолданылатын болады.

«Қаламыздың ғылыми әлеуеті өте жоғары. Мұнда Ғылыми зерттеу, тәжірибелік конструкторлық жұмыстардың 35%-ы шоғырланған. Алматы мәдени креативті қала ретінде білім экономикасының орталығы болуы тиіс. Біз жақында Креативті индустрия паркін салуды бастаймыз. Бұл паркте жер туралы ғылым, опто және микроэлектроника, биотехнология, жоғары энергиялар физикасы, медицина саласындағы жаңа ғылыми жұмыстар жасалатын болады», - деді әкім.

Сонымен қатар, қала басшысы мегаполис үшін әлеуметтік экономика да үлкен драйвер болатынын жеткізді.

«Бірінші кезекте мәселе білім және денсаулық сақтау саласында болып отыр. Бұл салаға ауқымды қаражат бөлінетін болады. Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін кем дегенде 19 мектеп, 400 балабақша, 30 медициналық мекеме ашу керек. Осы салаларға бизнестің қызығушылығы бар деп ойлаймын. Балабақша мен мектептердің салынуына барынша күш салатын боламыз», - деді әкім.

Айта кету керек, бүгін Алматыда инвестициялық форум басталды. Форум сессияларында белгілі саясаткерлер, экономистер, қаржыгерлер, әлемдік стартап жобалардың авторлары өз тәжірибелерімен бөлісіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар