Алматыда қою қара түтін шыққан пәтерден мүмкіндігі шектеулі ер адам құтқарылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары қою қара түтін шыққан пәтерден 55 жастағы мүмкіндігі шектеулі ер адамды алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, 8 желтоқсан күні кешкі сағат 19:29-да Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші пультіне М. Әуезов ауданындағы «Ақсай-3» ықшам ауданында пәтер өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен.

Алғашқы өрт сөндірушілер 6 минутта оқиға орнына жеткен. Күзет бастығы Айбек Байысбеков бес қабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтерде 3-ші топтағы мүгедек ер адам болуы мүмкін деген ақпарат алған. Газ және түтіннен қорғау қызметі барлау барысында пәтерден 1966 жылы туған ер азаматты тапты.

«Құтқарушылар есікті ашып кірген кезде екі бөлмелі пәтердің ішін қою қара түтін басып, ештеңе көрінбеген. Барлау жұмыстарын жүргізу барысында қонақ бөлменің қабырғасына сүйеніп, ес-түссіз отырған 55 жастағы ер адам табылды. Оның астындағы матрац бықсып жанып жатқан. Өрт сөндіруші-құтқарушылар Мақсат Серіков пен Жәнібек Таубаев ер адамды далаға алып шығып, жедел жәрдем келгенше жылы көрпеге орап қойды. Ал күзет бастығы Айбек Байысбеков пен өрт сөндіруші Орынбасар Әшімов өртті сөндіріп, бөлмені желдетті», - деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Қарт адам жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Дәрігерлер оны тексеріп, медициналық көмек көрсеткеннен кейін үйіне жіберді. Қазіргі уақытта ер адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.


Соңғы жаңалықтар