Алматыда қосымша 10 колледжде дуалды білім беру жүйесі енгізіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қосымша 10 колледжде дуалды білім беру жүйесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін өткен Тамыз кеңесі барысында қала басшысы Ахметжан Есімов айтты.

Оның айтуынша, дуалды білім беру жүйесі техникалық және кәсіби білім беру орындарының еңбек нарығының сұранысына толығымен жауап беруіне ықпал етеді. Осыған байланысты қала басшысы білім басқармасына Алматыдағы 10 мемлекеттік колледжде дуалды білім беру жүйесін енгізуді тапсырды.

Отырысқа қатысқан ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов кәсіби білім беруде дуалды жүйені енгізу Елбасының тікелей тапсырмасы екендігі атап өтті.

«Қазір дуалды білім берудің негізгі принциптері 170 колледжде енгізіліп, 44 мың студентті қамтып отыр. Алматыда «Кәсіпқор» холдингінің негізінде әлемдік деңгейдегі колледж салынып жатыр», - деді министр.

Министрлік басшысы 3 жылдық болашақта ауылшаруашылық, техникалық бағыттағы кәсіби оқу орындарының 50 пайызын дуалды білім беру жүйесімен қамту жоспарланып отырғанын жеткізді.

Тамыз кеңесінде айтылған мәселелерді саралай келе қатысушылар Алматы қаласы білім беру жүйесінде оң басымдықтардың бар екендігін айқындап, қарар қабылдады.

Пленарлық кеңестің екінші бөлігінде қонақтар мен қатысушылар «Білім саласын дамыту» жылына арналған оқушылардың шығармашылығы тамашалады.

Соңғы жаңалықтар