Алматыда көшеге Шоған абыздың аты берілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алатау ауданына қарасты Мәдениет ықшамауданында Шоған абыздың атына көше берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға абыздың ұрпақтары, Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков, қала тұрғындары қатысты.

«Шоған абыз Есім хан хандық құрған кезде өмір сүрген адам. «Есім ханның Ескі жолы» деген құжатты жасаған уақытта қасындағы кеңесшілерінің бірі болған адам», – деді Шоған абыздың ұрпағы, ҚР денсаулық саласының үздігі Тұрарбек Төлендиев.

Игі шара «Жаңа Алматы» бағдарламасының аясында жүзеге асып отыр.

«Алатау ауданы – жас аудан. Көптеген көшелердің атаулары жоқ. Яғни, көбі 1, 2, 3-линия, «жаңа көше» деп аталып кеткен. Бүгінгі таңда сол көшелердің бәріне атау беріліп жатыр. Осы Рахат, Мәдениет ықшамаудандарының өзінде 40 көше жаңа атауға ие болды. Енді жылдың аяғына дейін осы көшеге жаңа форматтағы аншлагтарды ілетін боламыз», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

Айта кетейік, Шоған абыз Албан руынан шыққан. 16-ғасырдың соңы мен 17-ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Шоған Сүйерқұлұлы сәуегей абыздығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен есте қалған.

Кесенесі бүгінде Өзбекстан астанасы — Ташкент қаласында орналасқан.

Фото: almaty.tv

Соңғы жаңалықтар