Алматыда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация 9 сәуірден кейін басталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Вакцина алуға өтініш білдірген алматылықтарды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен вакциналар дозасының жаңа партиясы алынғаннан кейін кезекке сәйкес вакциналайды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Лаура Мырзағали онлайн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір қаладағы емханалар вакцина салдыруға ниетті барлық келушілерді тіркеуге алып, кезекке қойып жатыр. Бүгінде Алматыға 34 900 доза жеткізілді. Біз әлі де басым топқа вакцина егудеміз. Атап айтар болсақ, полиция қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, мүгедектермен жұмыс жасайтын әлеуметтік қызметкерлер. Халық көп жиналып, ұзын-сонар кезек пайда болмас үшін мен емханалардан алдын ала кезекке жазылып алуларын сұрадым. Бірақ бізде жаппай вакцинациялау 9 сәуірден кейін басталады», - деді спикер.

Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 5 сәуірі аралығында 44 315 адамға екпе салынды. Оның 6 200-і вакцинаның екі компонентін де алған.

«2-5 сәуір аралығында 28 413 азамат вакцина алды. Өткен тәулікте 4 764 адам екпе салдырды. 6 335 доза вакцина қалды, вакцинациялау барысы жалғасуда. 9 сәуірде вакцинаның бесінші траншы күтілуде, Алматыға тағы 57 445 доза жеткізіледі. Осы жылдың 13 мамырында 57 445 доза жеткізу жоспары бар»,- дейді Лаура Мырзағали.

Ведомство өкілі бүгінде инфекциялық стационарларда 5610 төсек-орын болса, 3114-інде науқастар жатқанын атап өтті. Оның 87-сі балалар, олардың жағдайын дәрігерлер жеңіл және орташа жағдайда деп бағалауда. 77 ересек адамның жағдайы аса ауыр, 570 адам ауыр жағдайда және 2467 науқастың жағдайы орташа ауырлық деңгейінде.


Соңғы жаңалықтар