Алматыда коронавирусқа қарсы госпитальдің құрылысы қалай жүріп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавирус індетін таралмауына жол бермеу мақсатында жаңа госпитальдің іргетасы қаланып жатыр. 1 айға жетпей салынып бітетін жаңа нысанның құрылысы қалай жүріп жатқаны жайлы ҚазАқпарат тілшісі біліп қайтты.

Ауданы 5850 шаршы метр болатын 280 орынға арналған госпиталь Алатау ауданында салынып жатыр. Қазір нысанның іргетасы құйылып, 1 блогының монтаж жұмыстары жүріп жатыр.

Құрылыс 5 сәуірде басталып кеткен.


«Біз модульдік блоктардан 280 орынға арналған госпиталь құрылысын бастадық. Осы уақытта инженерлік желілердің барлығы жүргізіліп, аяқталды. Іргетас құйылған. 1 блоктың қабырғалары монтаждалып жатыр», - деді BI Group Almaty компаниясының директоры Айдос Мұқатаев.


Негізгі құрылыс материалдары - Ресейден. Қазір 5 модульдік блокты Атырау арқылы темір жолмен әкеле жатыр.

«Бір мобильді блок Алматыда бар болған соң жедел сатып алып, құрастырудамыз. Қалған 5 блок Атыраудан келе жатыр. 25 сәуірде құрылысты аяқтап, тапсырамыз», - деді жоба жетекшісі Арман Қабылхасов.

Мұқатаев Айдостың айтуынша, госпитальдың басқа нысандардан айырмашылығы желдету жүйесінде болмақ.

«Әр бокс желдету жүйесімен қамтылады. Ауа тазартылады. Бокстарда теріс қысым жасау арқылы бациллалардың дәліздерге таралуына кедергі жасалады. Мұндағы мақсат - медициналық персоналды инфекциядан қорғау», - деді ол.



Ғимаратты 10 жыл пайдалануға болады. Карантин мерзімі аяқталған соң бұл нысан әкімдікке беріледі. Әрі қарай оны қай мақсатта пайдалануды жергілікті билік шешеді.

Жылдам тұрғызылатын ғимарат 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады.

Алматыдағы госпитальдің Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларындағылардан айырмашылығы бар.

«Нұр-Сұлтандағы ғимарат мобильді емес, тұрақты. Ондағы бокстар түгел зауытта құйылады. Обьектіде тек құрастырылады. Ал Шымкентте бөлмелерді теңіз контейнерлерінен жасау көзделіп отыр», - деді А.Мұқатаев.

Айта кетейік, жаңа госпиталь Алатау ауданында бой көтереді. Сондай-ақ, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевқа осы жобаны қолға алған компания өкілдерімен бірлесіп, госпитальға аса қажетті құрал-жабдықтар мәселесін де пысықтау тапсырылды.


Еске сала кетсек, қала әкімі мердігер компания өкілдеріне қолға алған барлық жұмысты сапалы әрі уақытында бітіруді жүктеген еді.

Госпиталь салу туралы шешімді коронавирус инфекциясына қарсы күрес мақсатында құрылған ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету туралы Мемлекеттік комиссия қабылдаған болатын.

Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға ықпал ететін осындай нысандар Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында салынады.





Соңғы жаңалықтар