Алматыда коронавирусқа байланысты 600-ден астам іс-шара тоқтатылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Алматыда коронавирусқа байланысты 600-ден астам іс-шара тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу шараларын күшейту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес ел аумағында, оның ішінде Алматы қаласында бұрын жоспарланған іс-шараларды ауыстыру немесе тоқтату туралы шешім қабылданды.

Алматы қаласының мәдениет басқармасы келесі шектеулерді енгізуде: 2020 жылдың 13 наурызынан бастап Алматы қаласының аумағында барлық бұқаралық мәдени іс-шараларды, конференция, семинарлар, көрмелерді өткізуге уақытша тыйым салу енгізілсін; халықаралық мәдени іс-шараларға бару мақсатында 1 А, 1 Б, 2 және 3 санаттағы елдерге шығуға шектеу қойылсын.

Сонымен қатар, Алматы қаласының мәдениет басқармасы шаһардың барлық тиісті ұйымдары мен мәдениет мекемелеріне қажетті құралдармен: санитайзерлер, антисептиктер және коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі жадынамалармен қамтамасыз ету бойынша санитарлық-профилактикалық іс-шараларды күшейту жөнінде ұсыныстар берілді.

Мәдениет басқармасы 2020 жылдың бірінші жартыжылдығына 40-тан астам іс-шаралар жоспарлаған. Оның ішінде, бүгінгі таңда 14-і тоқтатылса, қалған 26 шара ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына ауыстырылды.

Алматы қаласы бойынша мәдени-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес мониторинг жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша наурыз-сәуір айларында мәдени-ойын-сауық ұйымдары бойынша 211, ал театрларда 383 іс-шараға шектеу қойылды. Қала бойынша барлығы 608 іс-шара тоқтатылды.

Сондай-ақ, бүгінде қалада барлық кинотеатрлар, хайуанаттар бағы, мұражайлар, кітапханалар жұмысын тоқтатты.


Соңғы жаңалықтар