Алматыда коронавирус жұқтырғандардың көпшілігі вакцина алмағандар
2022 жылғы 29 маусым 17:29

Алматыда коронавирус жұқтырғандардың көпшілігі вакцина алмағандар

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 16-28 маусым аралығында 352 коронавирус инфекциясын жұқтырған адам тіркелсе, оның ішінде вакцина алмағандар 222 адам (63%). 2022 жылдың басынан бері қалада КВИ бойынша 55 322 жағдай тіркелген. Бұл туралы ҚазАқпарат әкімдікке сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2022 жылғы 24 маусымдағы бірлескен бұйрығымен коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге арналған төсек-орын саны 135-ке дейін ұлғайтылды.

2022 жылғы 29 маусым күні таңертеңгі жағдай бойынша жұқпалы аурулар ауруханасында 48 пациент емделіп жатыр. Ауруханаға түскендердің ішінде 10 жүкті әйел бар, олардың ешқайсы вакцина алмағандар. Үй карантинінде 269 пациент бар, олардың 80%-ға жуығы вакцина алмағандар.

Инфекция жұқтырғандардың арасында «стелс-омикрон» штаммы басым. Болжам бойынша, бұл мутация бүгінде айналымда, ал бұл инфекцияның үдемелі өсуін тудырады. Науқастардағы клиникалық сипатта көбінесе катаральды құбылыстар басым болады: дене қызуы, жөтел, тамақ ауруы, әлсіздік және т.б.

Бүгінде қалада медициналық ұйымдарда 96 вакцинация пункті және 175 вакциналау бригадасы жұмыс істейді.

Алматыда вакциналану үшін келесі препараттардың дозаларын алуға боолады, олар: QazVac, Vero Cell, Pfizer.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT