Алматыда коронавирус тараған 11 ошақ анықталды – әкімдік

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавирус жұқпасы шыққан 11 ошақ анықталды. WhatsApp желісіндегі онлайн-чатта тілшілерге бұл мәліметті қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаланың барлық ауданында 11 ошақ анықталды. Олардың барлығы бақылауға алынып жатыр. Сондықтан, халықтың көшіп-қонуын, қозғалысын тоқтату маңызды. Басқаша вируспен күресу қиын болады. Ертең ошақтардың қай жерде екенін толық айтамыз»,- деді Ержан Бабақұмаров.

Айта кетейік, бүгін әлеуметтік желіде Алматыда коронавирус анықталған және тарап жатқан нақты мекенжайлар мен шағынаудандар көрсетілген ақпарат пайда болды. Алайда, қала әкімдігі бұл мәліметті жоққа шығарған еді.

Сәл кейінірек Е.Бабақұмаров қалада бірнеше тұрғын үй кешені карантинге жабылғанын мәлім етті.

Еске салсақ, кеше түнде Алматыдағы «Сұңқар» тұрғын үй кешені науқас тұрғынның анықталуына байланысты карантинге жабылды. Тұрғын үй кешенінен кіріп-шығуға рұқсат жоқ. Мұнда 1 ғана азық-түлік дүкені жұмыс істейтін болады.


Соңғы жаңалықтар