Алматыда коронавирус инфекциясын көбіне 20-29 аралығындағы жастар жұқтырған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коронавирус инфекциясын ең көп жұқтырған — 20-29 жас аралығындағы жастар. Бұл туралы Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресми деректерге сәйкес, Алматыда тіркелген 91 жағдайдың 35-і сырттан келгендер, 48-і қатынаста болғандар, 5 жағдай жергілікті, үшеуі жергілікті науқаспен қарым-қатынаста болғандар.

«1-2 сәуір күндері коронавирус бойынша жаңадан тіркелген жағдайдың саны төмендегенін байқап отырмыз. Ауырғандардың көпшілігі мына рейстермен келгендер: Мәскеу-Алматы рейсі - 33%, Ыстанбұл-Алматы - 25%, Берлин– Алматы –16%, Санкт-Петербург рейсі -13%, Минсктен келгендерде -13%», –деді Айзат Молдағасымова.

Сонымен қатар, ол коронавирус анықталған науқастардың жас мөлшеріне тоқталып өтті.

«Жас мөлшері бойынша қарайтын болсақ, 20-29 жас аралығындағылар көп. Одан кейін 30-39, 40-49 және 50-59 жастағылар шалдыққан. Сондай-ақ, 14 жасқа дейінгілер арасында - 3 жағдай, 15-19 аралығында – 4 жағдай тіркелген. 60-тан асқан қауіпті топтағылар бойынша - 7 жағдай тіркелген»,–дейді департамент басшысы.


Соңғы жаңалықтар