Алматыда көрнекті 8 ақын-жазушыға арналған көрме жұмысын бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыдағы мемлекеттік орталық музейде бүгін Қазақстанның танымал сегіз ақын-жазушысына арналған «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» атты көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрме ақын-жазушылардың мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Биыл елде Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің 120 жылдық, Дихан Әбілев пен Ғали Ормановтың 115 жылдық, Әди Шәріповтың 110 жылдық және Әзілхан Нұршайықов пен Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдық мерейтойлары атап өтпек.


Көрмеге аталған ақын-жазушылардың өмірінен сыр шертетін жүздеген заттар қойылған.

Олардың арасында қаламгерлердің жеке заттары, кітаптары, наградалары, портреттері, афишалар, олардың шығармаларына жазылған иллюстрациялар бар.

«ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында қазақ әдебиеті қанатын кеңге жайып, терең де кемел туындыларға қол жеткізді. Бұл кезеңдегі әдебиеттің дамуына қазақтың тұңғыш эпопеясын жазып, көркем прозаны классикалық деңгейге көтеріп, әдебиетке көркемдік қуат әкелген үздік туынды - «Абай жолын» жазған Мұхтар Әуезовтің қосқан үлесі зор. Сонымен қатар ұлттық прозаның елеулі жетістіктері – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған шоқтығы биік туындылар – Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», тарихи романы, Ғ.Мұстафиннің соғыстан кейінгі халық өміріндегі өзгерістерді бейнелеуге арналған «Миллионер» повесі, «Қарағанды» романы, Д.Әбілевтің драматургия саласындағы «Қарулас достар», «Майра» және басқа туындыларының орны ерекше. Майдангер қаламгерлер – Ғ.Ормановтың «Көтерме» деген атпен жарияланған әңгімелер мен очерктер жинағы, Ә.Шәріповтің «Партизан қызы» романы, көркем проза жанрында сүбелі еңбек еткен Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» шығармалары, сондай-ақ кітаптары оқырман қауым мен сыншылардан өз бағасын алған С.Шаймерденовтің «Инеш» романын қалың оқырманның іздеп жүріп оқығаны баршаға мәлім»,- деді ҚР Орталық музейінің экскурсия ұйымдастыру және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Бибіфатима Бақдәулетова.

Көрме аясында ғылым, мәдениет және өнер мекемелері мәдениетті дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау мақсатында ортақ жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін өзара ынтамақтастық аясында меморандум жасалады.


Соңғы жаңалықтар