Алматыда корей мәдениетінің күндері өтіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы Орталық демалыс және мәдениет саябағы кәріс ұлтының этноқалашығына айналды. Бүгін мұнда «Корея мәдениетінің күндері» өтуде.

Таңнан бері саябақта корей ұлтының үрмелі аспаптарының оркестрі ойнап, ұлттық костюмдердің шеруі өтті.

«Мәдени шараны 20 жылдан бері өткізіп келеміз. Биылғы ерекшелігі - Алматыдағы корей ұлттық орталығының 25 жылдық мерейтойы, Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына әрі Корея Республикасының тәуелсіздік алғанына 69 жыл толуы құрметіне өткізіліп жатыр. Бұл екі ұлттың арасында достық пен ынтымақтастықты, бірлікті нығайтуда үлкен қадам болып отыр», - деді Алматыдағы корей ұлттық орталығының жауапты хатшысы Лариса Паладина.

Аталған орталық 20 жыл бойы қала тұрғындары мен қонақтарына «Корея мәдениеті күндерін» өткізіп келеді. «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» акциясы аясында өтетін биылғы мәдени шараға қала әкімшілігі, ҚР Парламент Мәжілісінің, Алматыдағы Корея Республикасы елшілігінің өкілдері қатысты.

Алматы тұрғындарына музыкалық комедия театрының шығармашылық әртістері, корей орталығы шығармашылық ұжымдары ән мен жырдан шашу шашуда. Тұрғындар кәрістің ұлттық тағамдарын жасауды үйреніп, ұлттық ойындарын ойнауда.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда 100 мыңнан аса, Алматыда 25 мыңға жуық кәріс ұлтының азаматтары өмір сүруде.

Соңғы жаңалықтар