Алматыда көпқабатты үйдегі өрттен 1 адам қаза болып, 43-і зардап шекті

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматының Алатау ауданы, Ақкент шағынауданы, 54 мекенжайында болған өрт салдарынан 1 адам көз жұмып, 43 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көпқабатты үйдегі өрт бойынша 23 жедел жәрдем, соның ішінде 5 жансақтау бригадасы жұмылдырылды.

Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 4 бала жансақтау бөлімінде жатыр, тағы төртеуі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді, үш баланың ата-анасы ауруханаға жатқызудан бас тартты.

12 ересек адам қалалық көпбейінді ауруханаларға жеткізілді, соның ішінде 5 адам ауруханаға жатқызылды. Басқалары қажетті жедел медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық бақылауға жіберілді. Өрттен зардап шеккен қалған адамдардың жағдайы тұрақты.

Бір әйел көптеген ауыр жарақаттардан қаза болды.

Тұрғын үй кешенінің кейбір тұрғындарына оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді.

Еске сала кетейік, бүгін 16 қабатты үйде өрт шыққан болатын. Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырды.

Қызыл жалын сағат 18:46 кезінде сөндірілді.

Алғашында 31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілгені хабарланған болатын.

Зардап шеккендердің арасында 2 жүкті әйел бар.


Соңғы жаңалықтар