Алматыда көпқабатты автотұрақтар салынбақ – әкімдік

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алдағы уақытта Алматыда халықаралық тәжірибені қолдана отырып, тұрақ кеңістігін дамыту мен ақылы тұрақтардан түсетін түсімді көшелер мен аулаларды абаттандыру үшін пайдалану тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда. Бұл ретте қалада қордаланған мәселелерді шешу бағытында көпқабатты автотұрақтарды салу жоспары басымдыққа ие. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ҚазАқпарат тілшісінің сауалына берген жауабында мәлім болды.

Әкімдіктің хабарлауынша, бүгінде Алматы қаласының әкімдігіне компания иелерінен «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің 70% мөлшеріндегі және Alan Parking ЖШС-нің 100% үлесін қала меншігіне қайтару туралы ұсыныстар енгізілді.
«Алматыда ақылы тұрақтар жүйесі қазір штаттық режимде жұмыс істейді. Бұл тұрақ уақытына ақы төлеу қажеттілігін білдіреді. Компаниялардағы үлесті коммуналдық меншікке берген соң, тұрақ аймақтарын ұйымдастыру және баға саясаты мәселесі қаралатын болады»,- делінеді әкімдіктің хабарламасында.
Сондай-ақ, бүгінде алматылықтар тұрақ аймақтарының техникалық жай-күйіне, таңбалау мен арнайы тану белгілерінің болмауы, төлем жасау кезіндегі қателіктер, уақыттың дұрыс есептелмеуі, тұрақ кеңістігінің жеткіліксіздігіне және т.б. шағымдануда екен.
«Тұрғындардың ақылы автотұрақтардың қызметін ұйымдастыруға қатысты шағымдары талдануда. Тұрғындардың өтініштері мұқият талданған соң, ақылы тұрақтардың жұмысын жетілдіру үшін кешенді шаралар қабылданатын болады. Бұл туралы БАҚ-та қосымша хабарланады», - деп мәлім етті әкімдіктен.
Айта кетейік, бүгінгі күні Алматыда алаңдық және жаяужолдық үлгідегі ақылы тұрақтарды ұйымдастыру үшін бөлінген жер учаскелері жеке меншікке берілген жоқ.
Еске салайық, осыған дейін Алматыда ақылы автотұрақтар қаланың меншігіне қайтарылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар