Алматыда көпбалалы отбасынан 140 адам жұмысқа орналасты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылардың 140 мүшесі жұмысқа тұрғызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

6 баланың әкесі, ІІІ топ мүгедегі Айбек Қанапияновты қалалық Жұмыспен қамту орталығының мамандары Sunrise Group ұйымына жұмысқа орналастырған.

«Біздің ұйым көру қабілеті нашар адамдарды қолдаумен айналысады. Мен әлеуметтік жұмыскер ретінде дәрімен қамту жағынан, еңбек етуге жасалған жағдай жағынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын күнделікті бақылап отырамын. Олардың барлық талап-тілектерін басшылыққа жеткіземін. Жұмысым ауыр емес, бірақ сауабы мол», - деді Айбек Қанапиянов.

5 баланың анасы, І топ мүгедегі Әсел Жахина «Ақниет үміті» қоғамдық ұйымына мүсінші болып жұмысқа тұрған. Оған да бос жұмыс орнын қалалық әкімдік тауып берген.

«Біздің цехта барлық бұйымдар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолымен жасалады. Шеберлер гипспен, балшықпен, металмен, мәрмәрмен жұмыс істейді. Бәріміз ресми түрде жұмысқа тұрғанбыз. Зейнетақы төлемдері, әлеуметтік төлемдер аударылып отыр. Бұл жұмыстар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан бейімделуіне септігін тигізеді», - деді ол.

Айта кету керек, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленген түлектер жастар тәжірибесі бағдарламасына қатыса алады. Колледж түлегі Ардақ Серік United Citizenz Found қорына аудармашы болып орналасты.

«Аударма мен кітап баспасынан бөлек, біз көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына шет тілін оқытып жатырмыз. Жастар тәжірибесі - мен үшін үлкен өмірге басылған алғашқы қадам болмақ», - дейді Ардақ Серік.

Айта кету керек, мұның алдында көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» кешенді бағдарламасы жасалған болатын. Оған арзан ипотека, мектеп оқушылары мен студенттерге шәкіртақы, тегін балабақша, жұмыспен қамту сияқты бірнеше бағыт кіреді.

Жұмыспен қамту бойынша алаңдатқан сұрақтар болса, +7 (727) 224 20 00; +7 (727) 221 66 11 нөмірлеріне хабарласуға болады.

Соңғы жаңалықтар