Алматыда көпбалалы отбасылардың балалары суда жүзу сабақтарына тегін қатысады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының аясында 8-12 жас аралығындағы жеткіншектер арасында жүзуден тегін сабақтар басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, кәсіпқой бапкерлер балаларды бассейндермен қамтылған бес спорт кешенінде жүзуге үйрететін болады.

Олар Сейфуллин 404, 14, Тимирязев 41, Яссауи 1Б және Өтемісұлы 1 (Шаңырақ ықшам ауданы) мекенжайларында орналасқан спорт кешендерінде жаттығады.

Жаттығулар жаздың соңына дейін аптасына 2-3 мәрте өтеді.

1

«Бұл уақыт жүзу әдістерін үйренуге жеткілікті. Қатысушыларды топтарға бөлетін болсақ, бастаушыларды дұрыс дем алуға үйретеміз, содан соң, негізгі жаттығуларға көшеміз. Оларға барлық жүзу әдістерін меңгеруге арналған жаттылғуар жатады. Оның ең күрделісі - баттерфляй. Бағдарламаның соңына дейін барлығы жүзіп үйренеді деген ойдамын. Әлбетте, балалардың ынталарына да байланысты. Алайда, жетістіктер жаман емес», - деді Aquastars бассейнінің жаттықтырушысы Вячеслав Горев.

Мұндай сабақтарға көпбалалы, жағдайы төмен отбасылардың балалары және балалар үйінен шыққан жасөспірімдер қатыса алады.

2

Айта кету керек, қала әкімдігі тамыз айының соңына дейін 2000 баланы жүзу тәсілдеріне үйретіп шықпақ.

«Бізде осындай бағдарламаның барына өте қуаныштымын. Осы арқылы әрбір бала жүзу әдістерін меңгере алады. Оның алдында талпынып көрмеппін, бірақ екі сабақтан соң, арқаммен жүзуді үйрендім. Әрі қарай, бассейнге келіп, тырысатын боламын», - деді 10 жастағы Даулет Аяқбай.

Еске сала кетейік, «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасының аясында биыл қыста жүздеген бала коньки тебуді тегін үйренсе, өткен жылы осы жоба арқылы жеткіншектер атқа мінуді және жүзуді үйренген болатын.

Соңғы жаңалықтар