Алматыда көпбалалы аналар кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Бақытты отбасы» орталығы аясында әйелдерді кәсіпкерлікке үйрететін «ISKER ANA» бағдарламасы іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының Алмалы ауданында қала әкімінің тапсырмасы бойынша көпбалалы аналарға қолдау көрсету үшін «Бақытты отбасы» орталығы ашылды. Орталық жұмысының аясында әйелдерді кәсіпкерлікке оқыту бойынша «ISKER ANA» бағдарламасы жүзеге асырылады. Онда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жеке ісін ашуға және оны жүргізуге көмектесетін мамандар жұмыс істейді. Оларға бастапқы капитал, гранттар, оқу курстары және басқа да көмек ұсынылады.

Жақын күндері мұндай орталықтарды қаланың барлық аудандарында ашу көзделіп отыр. Бұл алматылықтарға білім алуға, кәсіп ашуға және өз бетімен ақша табуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікке оқытуды негізінен тәжірбиелі, бизнесте жетістікке жеткен көпбалалы аналар жүргізеді.

Бүгінгі таңда тігін ісі, сұлулық салоны, аспаздық, ұлттық қолөнерге үйрету және интернет сауда сияқты оқу курстары үшін топтар құрылуда.

Орталық әйелдермен кездесіп, олардың бизнес жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ғимаратта коворкинг орталығы, оқу сыныптары, кеңес беру бөлмелері - психолог, заңгер және әлеуметтік қызметкер отырады. Сондай-ақ, жабдықталған балалар бөлмесі мен ойын алаңы бар.



Соңғы жаңалықтар