Алматыда контрафактілік видеоөнімдер сақталған қойма әшкереленді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы контрафактілік видеоөнімдер сақталған қойманы әшкереледі. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Заңсыз орын Райымбек пен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы көтерме базар маңында орналасқан.

«Келіп түскен мәліметтерді тексеру барысында жалған видеоөнімдер сататын қойма бар екендігі анықталды. Нақтырақ айтсақ, көркем фильмдер мен мультипликациялық фильмдер жазылған DVD-дискілер, оның ішінде порноөнімдер табылды. Бір бөлмелі қойманың іші көтерме саудаға арналғаны көрініп тұр: сөрелерде мыңдаған дискілер жиналған. Алдын-ала анықтаулар бойынша, саудагерлер тауарды 100 теңгеден алып, базарларда бірнеше есе қымбатқа сатқан», - деді қалалық ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының басшысы Таңат Назанов.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдарының өкілдері қоймаға келген кезде онда тек сатып алушылар болған. Сатушы тезірек табанын жалтыратқысы келгенімен, «Арлан» ұландарының қармауынан құтылып кете алмады.

Оперативті шара кезінде Алматы облылы Еңбекшіқазақ ауданының 23 жасар тұрғыны ұсталып, қоймадан 130 мың пираттық сипаттағы DVD-дискілер тәркіленді. Аталған дерек бойынша қазір қылмыстық іс қозғалды.

Полиция пираттық өнімдерді жасап шығару және Алматыға жеткізу арналарын анықтауға күш салуда.

Соңғы жаңалықтар