Алматыда консультативтік -диагностикалық балалар орталығы ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының базасында консультативтік -диагностикалық балалар орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталықта онкогематолог, невропатолог, нефролог, эндокринолог, кардиолог, аллерголог, пульмонолог, гастроэнтеролог, гемофилия, қант диабеті кабинеттері жұмыс істейді.

« Бүгін №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы базасында консультативтік -диагностикалық орталық ресми түрде ашылды. Негізі біз сәуір айнан бері жұмыс істеп келеміз. Төрт айдың ішінде жеті мыңнан аса науқасты қабылдап, емдеу шараларын жүргіздік», - деді Консультативтік-диагностикалық орталықтың меңгерушісі Асел Асқарқызы.

Сондай-ақ, орталық бүгін Конституция күніне орай ашық есік күнін ұйымдастырды. Келушілерге мамандар тегін кеңес берді.

« Мен 7 жастағы қызымды аллерголог, кардиолог және нефрологқа алып келдім. Дәрігерден кеңес алдым. Өткізіліп жатқан шара мен сияқты науқас баласы бар ата-аналар үшін үлкен демеу. Рақмет», - дейді қала тұрғыны.

Орталық заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.

«Мұнда науқастарды толықтай медициналық тексеруден өткізуге мүмкіндік бар. Орталық соңғы үлгідегі медициналық құралдармен қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, компьютерлік томография, КТ -128, МРТ, Рентген - RFM-525 HF, ультрадыбыс және ЭКГ аппаратары бар»,- деп қосты орталық меңгерушісі.



Соңғы жаңалықтар