Алматыда конфессияаралық диалогты сақтау мәселесі талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қала имамдарымен кездесіп, қоғамдық келісім мен конфессияаралық диалогты сақтау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, кездесу барысында жастармен жұмыс жүргізудің ерекше маңызы мен жауапкершілігі жөнінде сөз қозғады.

Мемлекеттің орнықты дамуының негізі болып табылатын қоғамның тұрақтылығын, келісім мен өзара түсіністікті сақтауда қала мешіттері қызметкерлерінің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Қазақстанда түрлі дін өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде, біз сол үшін мақтана аламыз. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы осынау теңгерімді сақтауға айтарлықтай үлес қосуда», - деді Ержан Бабақұмаров.

Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, мешіттердің қала өмірінің тұрақтылығына, қоғамның тыныштығына қосып жатқан үлестері мен мешіт қызметкерлерінің үнемі жамағатқа отансүйгіштік пен бейбітшілікті қадірлеуге бағытталған уағыз-насихаттарын жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.

Кездесу барысында, имамдар мешіттер тарапынан Рамазан айы мен айт мерекелерінде және басқа да атаулы күндерде істеліп жатқан қайырымдылық жұмыстарына тоқталды. Ең бастысы, мешіт істерінің жүруіне қолдау білдіріп отырған қала әкімшілігі мен қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа алғыс білдірді.

Бүгінде Алматыда 17 конфессия енетін 180 діни бірлестік, оның ішінде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының 50 мешіті бар.

Соңғы жаңалықтар